Шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, қоғам белсенділері, жанашырлары және шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері ойларын ортаға салды.
Германияның Кельн қаласындағы Қазақ қауымдастығының төрайымы, Еуропа қазақтары құрылтайының төрайымы Садия Сүрер мұндай форум ұлттық тамырымыздан ажырап қалмау үшін қажет дейді.
«Біз бүгін Астана төріне жиналдық. Мұндай басқосудың маңызы зор. Себебі дүниенің төрт тарабындағы тарыдай шашыраған қазақтың арқасүйері, ата жұрты − Қазақстан. Сондықтан осы форумды ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Германиядағы қазақтар жиі бас қосып тұрамыз. Той-томалақ, аста ғана емес, басқа да рухани байланыс орнайтын жиындар жиі өтеді. Мұның барлығы да біздің жас ұрпақтың ұлттық тамырынан ажырап қалмауы үшін керек. Біздің балаларымыз ана тілін ұмытпауы үшін, жаһандануға жұтылып кетпесін деп жиі жиналып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп келеміз. Астана қаласы күннен күнге көркейіп барады екен. Жас мемлекеттің өркендеуі ел ішіндегі тыныштыққа тікелей таңулы», деді Садия Сүрер.